М. Ж. Көпейұлы Музей
Мәшһүр Жүсіп Көпеев мемориалдық музейінің тарихы
Көрнекті ақын, публицист, этнограф, ағартушы, шежіреші, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпеев мемориалдық музейі 1977 жылы сол кездегі Жаңажол орта мектебінің (қазіргі таңда М.Ж.Көпеев атындағы орта мектеп) сырт жағындағы арнайы бөлмеде ашылған болатын.
Бүған дейін ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің немересі Шарапиев Төлеубайдың және Ұлы Отан соғысының ардагері Нағи Ахметовтың ұйымдастыруымен, Шарапиев Төлеубайдың шаңырағында жеке бір бөлмеде, әулиенің жеке заттары жинақталып шағын музей үйін ашқан.
Мектеп жанынан ашылған музейге Жаңажол кеншарының алғашқы қалыптасу кезеңі мен колхоз, совхоз болып қалыптасуы соғыс ардагерлерінің суреттері мен өмірбаяндары, қазақ халқының тұрмыстық заттары мен қолөнер бұйымдары орналастырылған болатын.
1981 жылы Жаңажол ауылдық мәдениет үйі бой көтереді. Осы кезде Ұлы Отан соғысының ардагері Нағи Ахметов, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Амангелі Омаров пен ақынның немересі Төлеубай Шарапиденұлы мектептегі музей орналасқан бөлменің тарлығын айтып, ауылда бой көтерген жаңа мәдениет үйінің екінші қабатынан кең кабинет сұрап, нәтижесінде музей мәдениет үйіне көшіріледі.
1986 жылы Қазақ ССР Мәдениет Министрлігі коллегиясының шешімімен, музейге «Халық мұражайы» деген атау беріледі.
Осы жылы аталмыш музейге және Ескелдіге арнайы ат басын бұрып келген Қазақ ССР мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков Мәшһүр-Жүсіп Көпеевке арнап шығыс үрдісінде жаңа музей салынатынын жеткізеді.
Алматының жобалау институтының мамандары келіп жобалау жұмыстарын бастаған болатын. Бірақ ойламаған жерден Кеңес Одақ ыдырап, музей мәселесі қағаз жүзінде қалады. Өзбекәлі Жәнібеков ұсынған ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев музейі және кесененің жобасы тоқтатылып, мұрағатқа жіберіледі.
Дегенмен де сәулетші архитектор Р.Науымовтың жобасы бойынша «Агропромстрой» тресінің араласуымен 1993 жылы Жаңажол ауылында ақын атындағы жаңа музей пайдаланылуға берілген болатын.
Мәшһүр-Жүсіп еңбектерін, көзімен көріп, қолымен ұстаған дүниелерін туысқандары мен халық арасынан жинақтауда Нағи Ахметов мен Шарапиев Төлеубай ақсақалдар көп еңбек атқарады.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің музейін безендіру мен жәдігерлерді орналастыруда Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің суретшілері Б. Машрапов, Е.Маймақов, Е.Самигуллин, сәулетші Д.Мұстафин, тарихшы Б.Көшімбековтердің еңбегі зор болды.
Олар қолда бар деректер мен жәдігерлер негізінде Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің өлеңдерін келтіре отырып қабырға көрмелерін орналастырады.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеев музейінде 1977-1987 жылдар аралығында Амангелді Омаров, 1987-1989 жылдар аралығында Шарапиев Даниял, ал 1989-1992 жылдар аралығында Г.Шарапиева директорлық қызмет атқарды.
Ал, музей құрылысы басталғаннан бері 1992 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ақын Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің немересі Қажымұқан Пазылов меңгеруші қызметін атқаруда.
Ақын көзі тірісінде өзінің 73 жаста бұл дүниеден өтетінін болжап, ас бергізгені көпшілікке мәлім. Екі бөлмелі үй салдырып, қабірін өзі қаздыртқан. «Жер біраз тереңдегесін көк тас шығады, сындырып алмай байқап алыңдар», дейді.
Қабірден қалыңдығы ені мен ұзындығы 20-30 см көк тас шыққанда ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Күткенімде сол еді, сындырмай тұтас ал» десе керек. Әулиенің айтуынша, жаз айларында ай толғанда таң алдында аспаннан таза рауан желі ашық тұрған есік арқылы тасқа соғып, содан топырақта емдік қасиет пайда болады екен. Сол, көк тас қазір музей жәдігері ретінде сақталуда.
М.Ж.Көпеев (бұрынғы Жаңажол) ауылы, Ескелді шатқалында орналасқан ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ескі кесенесі 2006 жылы қайта жаңартылып, бой көтерді.
М.Ж.Көпеев кесенесі құрылысын салу жөніндегі кеңес 13 адамнан құралып, мүшелері қатарында филилогия ғылымдарының докторы, ғұламаның немересі Қуандық Жүсіпов, Павлодар қаласының бас мешітінің имамы Жұмабай қажы Ықылас, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Мәшһүртану» орталығының директоры Айтмұхамед Тұрышев, аталған оқу ордасының Е.Бекмаханов атындағы өлке тарихы мен этнографиясы орталығының директоры Амантай Құдабаев, Баянауыл ауданының Құрметті азаматтары Мүкәрам қажы Шүлембаев, Зекебай Солтанбаев және ауыл ақсақалы Бүркітбай Мадиндер болды.
2006 жылдың 11 қарашасында ашылған кесененің ашылуына 10 мыңнан аса адам жиналып, 150-дей киіз үй тігіліп, ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімов, мемлекеттік ірі қайраткер тұлға, ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері Жабайхан Әбділдин, қазақтың әдебиет танушы ғалымы, Филология ғылымының докторы, профессор, жазушы Рымғали Нұрғали, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының доекторы, профессор Меруерт Әбусейітова, Қоғам қайраткері, ғалым, академик Ғарифолла Есім, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбек қатысты.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ұсынған құрылысы көне түркі стилінде жасалған кесенені қайта қалпына келтіру жобасы мақұлданған. Жоба ежелгі түркі тайпаларының сәулет ерекшелігі, ислам дінінің өзіндік өрнектерімен ерекшеленеді.
Кесене 2 бөліктен тұрады: бірі – намазхана, екіншісі– Қордайдың мәрмәр тасынан жасалған әулиенің мүрдесі сақталған сандықтас және құлпытас қойылған, шамшырағы орнатылған бөлме. Кесененің жалпы алаңы – 1028 м3, әулиенің мүрдесі сақталған бөлме 47,5 шаршы метр, намазхана – 73,4 шаршы метр аумақты құрайды. Кесененің биіктігі 14 метр. Салмағы 9,5 тонна болатын құлпытасы мен сандықтасы мәрмәр тастан жасалған. Күмбездің ішкі жағында Алланың 99 есімі жазылған, айшық темірлері әрленіп, алтынмен жалатылған. Кесененің кіреберісінде Құран аяттары жазылған.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесіне зиярат жасап келушілер саны жылдан жылға артуына орай 2016 жылы демеушілер қаражаты арқылы 2 қабатты қонақ үй бой көтерген болатын, сол кезде М.Ж.Көпеев ауылында орналасқан музейді жаңа қонақ үйіне орналастыру туралы шешім қабылданады. Музей ғимараттың 1 қабатында 19 шаршы метрлік бөлмеге орналастырылып көшірілді.
Алайда, музей жәдігерлерін сақтауда қиындық туғызғандықтан демеушілік қаржыға 2019 жылы 240 шаршы метрді құрайтын жаңа музей ғимараты салынып, қолданысқа берілді.
Жаңа ғимаратта экспонат залы 130 шаршы метрді құраса, келесі кабинет коворкинг стилінде музейге келушілердің ақын М.Ж.Көпеевтің шығармаларымен танысуға жағдай жасалынған.
Бүгінгі күні музейде 785 жәдігер сақталған. Оның ішінде 611 жәдігер негізгі қорды құрап, XXVIII ғасырдан сақталған ақынның әкесі Көпжасар қолданған атақты «Көк Құран» кітабы, ғұлама көз жұмғанда орап шығарған кілем, ақынның шығармаларын сақтап үнемі жанында ұстаған қоржыны, омыраушасы, үкілі тақиясы, Бұқара қаласының шеберлерімен тігілген оюлы шалбары сияқты және отбасы қолданған құнды жәдігерлер мен араб, парсы, шағатай тілінде жазылған ақынның шығармаларынан тұрады.
Аталған музейде ақынның өз ұрпақтары жұмыс жасайды. Сол себепті музейге келушілерге ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы зор мағлұмат беруіне себеп болуда.
2019 жылы музейдің негізгі қоры 28 жәдігермен толықтырылды, ақынның отбасы қолданған шкаф, іргеге ілінетін айна, құман, алғашқы Мәшһүртанушылардың бірі, ақынның жиені Жолмұрат Жүсіповтың отбасында сақталған портфельден ақын М.Ж.Көпеевтің құран кітабы, шығармалары мен жаңа деректер алынды.
Сонымен қатар, коворкинг кабинетінде ақын М.Ж.Көпеев музейінің құрылу тарихы туралы стенд қойылған.
Аталған стендте ақынның музейінің негізін қалаушы тұлғалар туралы толық мағлұмат беріліп, стендте Ұлы Отан соғысының ардагері Нағи Ахметов, музейдің алғашқы директоры Амангелді Омаров, Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі Бота Машрапов, ақын, ҚР жазушылар одағының мүшесі, Мәшһүртанушы, Павлодар облысы және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Зекебай Солтанбаев, Жаңажол совхозының бұрынғы директоры, Павлодар облысы және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Мұрат Рахметов, уағыз насихаттаушы Төлепберген Алдабергенов және Төлеубай Мұхамед-Шарапиденұлының суреттері орналастырылып музейдің ашылуына сіңірген еңбектері туралы мағлұмат берілген.
Жаңа ғимаратта көшірілген музейдің жаңа концепциясы кезінде облыс әкімдігімен бекітілген.
Музейге қажетті заманауи құралдармен қамтамасыз етіліп, интернет жүйесіне қосылған.
Ақын М.Ж Көпеев мемориалдық музейінде штат кестесіне сәйкес 10 адам жұмыс жасауда, оның 8-і жұмыскерлер (музей қараушысы, еден жуушы, 3 штаттық бірліктен от жағушы мен күзетшілер) және экскурсовод пен музей меңгерушісі.