Баянауылдың топырағы Түркістанға жеткізілді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласына сапары барысында Қазақ хандығына арналған мемориалдың ашылу рәсіміне қатысып, «Ұлы Дала бірлігі» капсуласын салған болатын.
Капсулаға Қазақстанның барлық өңірлеріндегі киелі жерлердің топырағы жиналды.
– Түркістан облысының заманауи туристік кешені жобасы аясында Қазақ хандығының кешеніне қасиетті Баянауыл өңірінен көрнекті ақын, публицист, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мавзолейі орналасқан жерінің топырағы да киелі Түркістан қаласына жөнелтіліп, табысталды. Баянауыл өңірінде туып, атағы алты Алашқа жайылған Мәшһүр Жүсіп есімін білмейтін жан кемде-кем. Оның тылсымға толы болжамдары мен айтқан өсиеттерін бүгінгі ұрпақ біледі. Ғұламаның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттейтін өз ұрпақтары да бар, – деді облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасында.
Айта кетейік, биылдан бастап Түркістан облысы түркі елдерінің басын біріктіріп, жақындастыра түсетін алтын көпірге айналуда. Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Бұл Түркістанның тек киелі мекен ғана емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады.
Түркістан облысы – қаймағы бұзылмаған қазақтың қарашаңырағы. Берекесі ұйыған киелі мекен. Ақын Мағжан Жұмабаев жырлағандай: «Екі дүние есігі, Ер Түріктің бесігі». Түркі әлемінің рухани ордасы.
Елбасы Н. Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы Түркістан», - деген болатын.