Ер есімі - ел есінде!

Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ халқының қаһармандық қасиетін бүкіл әлемге паш еткен бартырлар қаншама. Ел басына күн туған сәтте қан майданға көппен бірге аттанған Ертіс-Баян өңірінен шыққан Кеңес Одағының Батырлары - біздің ерекше мақтанышымыз. Атақты Серікбай Мүткенов, Михаил Катаев, Махмет Қайырбаев, Иван Кривенко, Құдайберген Сұрағанов, Әбілқайыр Баймолдиннің, жауға қарсы қаруын да, қаламын да қатар сілтеген жазушылар шоғырын бастаған Дихан Әбілев, майдан даласында күркіреген жырларымен жалт қаратқан қаһарман-ақын Қалижан Бекхожин, жауынгер-жазушы Қалмұқан Исабаев есімдері - мәңгі халық жадында.

Осы жерлес майдангерлеріміздің бірі ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың немере інісі Шаймерден Торайғыровтың күйеу баласы Сұрағанов Құдайберген Мағзұмылының майдан даласында көрсеткен ерлігі ұшан теңіз.

Батыр ағамыз 1921 жылы Павлодар облысы, Қашыр ауданы, Сұлуағаш ауылында дүниеге келген. 1940 ж. Павлодар педогогикалық училищесін бітіріп, Жанауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Қызыл Армия қатарына 1940 жылы қазан айында шақырылған. 1942 жылы артиллерия училищесін аяқтаған соң майданға кіші лейтенант болып аттанады. Беларусь, Литва, Польшаның көптеген жерлерін азат етуге қатысқан. «Одер- Шпре» операциясы кезінде атқыш Құдайберген Сұрағановтың зеңбірегінен жүзден астам жау әскерінің көзі жойылды. Оның соғыс жолдары Сталинградтан Берлинге дейін аралықта жалғасын тапқан.

1946 жылдың 15 маусымында КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының жарлығы бойынша аға лейтенант Қ.М.Сұрағановқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Қан майданнан оралғаннан кейін де қажыр қайратын ұстаздық жолына арнады. Өмірінің соңына дейін ағарту саласында қызмет етті.

Құдайберген Сұрағанов Кеңес Одағының батыры, Ленин орденінің, Ұлы Отан соғысының 1 даңқ, екі Қызыл Жұлдыз ордендерінің, «Сталинградты қорғау» медалінің, «Варшаваны босату», «Берлинді алу» марапаттарының иегері.

Қайсар жауынгер өмірінің соңғы жылдарын Алматыда қаласында өткізіп,14 ақпан 2008 жылы өмірден озды. Жау жүрек батыр Құдайберген Сұрағановтың есімі мәңгілік ел есінде!

Ұлы Отан соғысы майдангерлерінің рухына бас иеміз, жерлес жауынгерлеріміздің ерлігі есімізде.