Ескелдіде ескі де есті өнер ұлықталды

Бүгін қазақ этнографы, тарихшы және философ Мәшһүр Жүсіп Көпеев мемориалдық музейінде ұлттық қолөнер бұйымдары байқауы өтті.

“Өнер-таусылмас азық, жұтамас байлық” деген халық даналығы. Қолөнер-халқымыздың қасиетімен ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, тамырын тереңге жайып келе жатқан мұрасы. Қолөнер адамды әсемдікке, нәзіктікке деген сезімін тербеп, сол салада табиғатты өзінше таңбалап, бедерлеп сұлулықты қабылдау қабілетін арттырады.

Ел арасында сиреп бара жатқан қолөнер шеберлерінің туындыларын, көне мұраларын тауып, оны түрлендіріп жаңғырту және ұлттық қолөнер арқылы эстетикалық тәрбие берудің бірден-бір құрамына айналдыру біздердің парызымыз.

Осы орайда Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Мәшһүр Жүсіп Көпеевке арналған мәдени-қонақүй кешенінің мемориалдық музейінде іс-шара өтті. Барлық сақтық шараларын ұстана отырып өткізген шараға ауданымыздың намысын қорғаған апа-әпкелеріміздің қатысуымен ұлттық салт-дәстүрлер насихатталды. Соның ішінде «КӨРПЕ FEST» ұлттық қолөнербұйымдары көрмесі өткізілді.

Құрақ – «адамның басы құралсын» деген ырыммен тігілетін көрпе. Өткізілген шараның мақсаты – ұлттық қол өнерімізді жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету.

Аталған шараға арнайы қатысушы ұлттық қолөнер бұйымдарын шығаратын этно-дизайнер, ҚР Президентінің “Алтын Сапа” сыйлығының лауреаты, “Құрмет” орденінің иегері Ырза Тұрсынзада сөз сөйлеп, ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттау, болашақ ұрпаққа қалдыру, біздің өмірімізде ұлттық құндылықтардың алатын орнын атап өтті.

Карантиндік шектеулерге байланысты М.Ж. Көпеевтің кесенесі жанындағы Ескелді мекенінде ұйымдастырылған көрпе көрмесіне 20 жуық нәзік жандылар қатысты. Шараға қатысушы қыз-келіншектерге тиісті сертификаттар табысталды