Мәшһүр Жүсіп және «Үкі» ырзығы
Дана халқымыз бүркітті – аспан перісі, қанаттылар ханы деп, еркіндік нышанына теңесе, қарлығашты «қарлығаштай қанатымен су сепкен» деп, адалдық пен жанашырдың белгісі ретінде таныған. «Аққуды атпа, досыңды сатпа» деп, пәктіктің белгісі ретінде аққу құсын да киелі санаған. «Үкісіз қыз болмас» немесе «Үкіні досыңдай көр» деген ұлы сөздер, үкі қауырсыны бақыт, олжа әкеледі деп, оған ерекше мән бергенін аңғартады. Үкіні де қастерлі әрі киелі құс деп қадір тұтқан. Үкі – негізінен орманда мекендейтін әрі түнде шығатын жыртқыш құс. Оның басы үлкен, көздері бақырайған, қауырсындары жұмсақ. Ұшқанда дыбыссыз қанат қағады.
Жұптарын өмір бойы сақтайды. Үкі – жыл он екі ай бір орында қоныс аудармай тіршілік ететін отырықшы құс. Үкі тағу салты – көнеден жеткен қазақ кәделерінің бірі. Ол – халқымыздың мәдени темірқазығы. Бүгінде үкінің қауырсынын қазақ шаңырағынан көп кездестіре аламыз. Ата-бабаларымыз үкінің қауырсынын сәбидің ұйқысы тыныш болсын деп бесікке, бақыт әкелсін деп қыздардың сәукелесіне, тіл көзден аулақ болсын деп ұлдардың тақиясына, сезімдері ақ болсын деп екі жастың шымылдығына, табысты етсін деген ниетпен сал-серілердің домбырасына таққан. Тіпті жүйрік аттың жалына найзаға да таққан.
Оған Қазыбек бидің төмендегі сөздері дәлел: «Біз қазақ деген мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз». Рухани болмысымыздың рауанына айналған дәстүрлеріміздің көбі үкі тағумен тығыз байланысты. Мәселен ұзатылатын қыз балаға күйеу баланың ата-анасы құда түсіп, үкі тағатын дәстүр бар.
Ал ұзатылып бара жатқан қыз бала өзінен кейінгі бойжеткен сіңлілеріне «үкілі үміттеріңді үзбеңдер» деген ізгі ниетпен оларға үкі таратып беретін болған. Тек құдалықта ғана емес үлкен аста да құрметті адамдарға үкі сыйлау дәстүрі де болған.
Үкінің қауырсыны лүпілдеген мамық болғандықтан, аурушаң баланың айналасына көптеп үйіп қоятын болған. Себебі адамның көзі сәбиге немесе қауырсынға түсуі тиіс. Сонымен бірге жылан мен қара құрт, шыбын-шіркей үкінің қауырсынына жоламайды. Сондықтан халық үкі қауырсындарын жас нәрестенің бас киіміне, бесігіне таққан.