ТОҚЫМҚАҒАР!
Салт-дәстүр дегеніміз атадан балаға жалғасып отыратын тұрмыстық, әлеуметтік ұстанымдар. Кез-келген адам үшін дәстүрлік тәлімдердің пайдалы жақтары өте көп. Дәстүр – адамдардың іс-әрекеттерін, өмірлік көзқарастарын, рухани болмыстарын реттеу мәселесінде негізгі рөл атқарып, тәрбие негізін қалауға көмектеседі. Негізінен салт-дәстүрге әдет-ғұрыптың өткен кезеңдерден қалған оның ең озық түрлері, ырым-жоралары, кәде-рәсімдері кіреді.
Бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлерге – ұл бала мен қыз бала тәрбиесіне байланысты ұстанымдар, балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық ойындар, бесікке салу, ат қою, шілдехана, тұсау кесу, сүндет той сияқты ғұрыптар мен ашамай, тоқымқағар тағы да басқа рәсімдері жатады.
Тоқымқағар - халық рәсімі, адам жолға шыққанда жасалатын дәстүрлі бас қосу. Арнаулы мал сойылып, сыйлы мүшелер салынып ет асылып, кең дастархан жасалады, ойын-сауық, өлең, жыр айтылады. Бұл — сапарға шыққанның тоқымы жерде қалмасын, ат-көлігі аман келсін деген жақсы тілек білдірудің белгісі. Ақсқалдар бата беріп, үлкен-кішілер тілектерін айтады. Сапарға шыққалы адам жолға көңілі көтеріңкі болып шықсын әрі жолы жеңіл болсын деп ақ ниеттін білдіреді.