Жігері жасындай басылым

Тарихы 1929 жылдың 15 ақпанынан басталатын «Сарыарқа самалы» газеті жергілікті қауымға етене таныс. Газет өңір мен елдегі саяси жаңалықтарды, әлеуметтік-экономикалық ахуалды баяндап, тұрғындардың шығармашылығын жариялайтын басылым аймақтық баспасөз нарығында айрықша орынға ие екені баршамызға мәлім.

Басылымның 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтуде. Осыған орай бүгін Баянауыл ауылының С.Торайғыров атындағы аудандық мәдениет үйінде ғұлама ғалым, Академик Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына және облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жігері жасындай басылым» атты «Рухани жаңғыру» жобасы аясында үлкен іс-шара болып өтті. Жиын барысында редакция мүшелері айтулы газеттің үздік оқырмандарын марапаттады. Қ.И.Сәтбаев мемориалдық музейі С.Торайғыров мәдениет үйіне Қаныш Имантайұлының  жеке заттарымен бірге өмір жолы мен артында қалдырған мол мұралары экспонаттарынан көрме ұйымдастырды. Келген қонақтар да тағылымы мол тарихи тұлғаның жеке бұйымдары мен еңбектерінен мол ғибрат алды.