«Халқына адал қызмет еткен ғұлама ғалым»
Белгілі әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы Әлкей Марғұлан бар ғұмырын ғылым жолына арнаған тұлға.
Түгі жоқ тақыр жерден жаңа ғылымның іргетасын қалаған ерен еңбектің иесін достары жай ғана Әлеке деп атайтын. Ал қазақ оны Әлкей деп таныды. С.Торайғыров мемориалдық музейі жас мамандармен «Халқына адал қызмет еткен ғұлама ғалым» атты ақпараттық сағат өткізіп, мінезін міндетімен ұштастыра білген қазақ археологиясының атасы Әлкей Хақанұлы Марғұланның ғибратты ғұмырын еске алды.
Бұл сағатта жастар музей қорында сақталған Әлкей Марғұланның өмірі мен қызметіне қатысты фотоқұжаттар мен деректермен танысты. Өз ойларын бөлісіп, пікір алмасты. Әйгілі археологтың еңбек жолы жайлы ақпарат тыңдалды.
Әлкей Марғұлан Алаш даласында аумалы-төкпелі заман орнап, қазақ ғылымына тұсау салынған кезеңде, 1904 жылы 11 мамырда Павлодар облысындағы Баянауыл өлкесінде дүниеге келген.
Археолог әйгілі Бөгенбай, Наурызбай, Қабанбай батырлармен бірге Абылай ханның ақ туы астында жоңғарлармен кескілескен ұрысқа қатысқан Олжабай батырдың тікелей ұрпағы.
Қазақстанның археология және этнография мектебінің негізін қалаушы Әлкей Марғұлан үлкен энциклопедист ғалым болатын. Ол ғылыми саладағы идеологиялық сарпыншақтарды жойып, тарихи шындықтың бетін ашты. Әлкей Марғұлан қазақстандық ғылымның көптеген саласындағы алғашқы қарлығашы еді. Ол археология, мәдениет және қолданбалы өнер тарихы, сәулет өнер, этнография, қазақ тіл ғылымы саласында бірқатар іргелі еңбектер жазды. Әрқайсысы атан түйе жүк боларлық ауқымды мәселелерді қатар алып зерттеген ғалымның мұрасы әлі талай ұрпаққа қызмет етері сөзсіз.
Әлкей Марғұлан қасақана бұрмаланып келген тарихи шындықтың бетпердесін ашты. Ғалымның еңбектерінде бұрынғы қазақтардың арғы бабаларының яғни, көшпелі қазақтардың жері адамзат өркениетінің ежелгі орталығы ретінде сипатталды. Қазақ даласының сұлулығы мен ежелгі қалалардың кереметіне Әлкей Марғұлан әрдайым бас иіп, үлкен ілтипатпен қарады. Әлкей Марғұлан тарихи шындықтың бетін ашып, сара жол салған ғалым.