«Өз өлкеңді таны»
Арқаның салқын самалы ескен қоңыр күздің жайма шуақ күнінде,яғни қазан айының 09 күні қасиетті Баянауыл еліне Елбасының Қазақстан халқына жолдауын талқылау жөніндегі «Өз еліңді таны» жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел тану» Республикалық туристік өлкетану экспедициясы мүшелерімен музейде кездесу ұйымдастырылды.
Экспедицияның мақсаты мемелекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын іске асыру бойынша жалпы ұлттық жоспардың 98 ші тармағын орындау мақсатында өскелең ұрпақты Қазақстандық бірегейлік пен патриотизм рухында тәрбиелеу, ішкі туризмді дамыту, өлке тарихымен, оның географиясымен, флорасымен, фаунасымен танысу болып табылады.
Ауданмен іргелес отырған Қарағанды облысынан бастау алған бұл жоба Павлодар облысының киелі Баянауыл өңіріндегі Қ.И.Сәтбаев мемориалдық музейінде жалғасын тапты.
Кеш қонақтары Қарағанды облысы әкімі аппаратының «қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ерлан Бейсенбайұлы Құсайын, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің «Тұлға тану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бейсенбекова Нұрсахан Ахметқызы, қоғам қайраткері Жексен Абдрахманов және тарихшы ғалымдар, Республикалық «Абай», «Күлтегін» оқуларының жеңімпаздары, белгілі қоғам қайраткерлері болды.
Музейдің экспозициялық залынан басталған экспедиция құрамы конференц залда аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдинов Әліғазыұлымен дөңгелек үстел басында бас қосты. Сонымен аудан жастары да қатысты. Экспедиция мүшелері артына өшпес өнеге із қалдырған Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың еңбектері мен шығармалары жайлы ақпараттар мен мағлұматтарға қанығып, қызығушылық танытты.
Келешекте Академик Қ.И.Сәтбаев мемориалдық музей ұжымымен бірлесіп Қазақ автономиясына 100 жыл толуына орай Ғылыми жоба аясында меморандум өткізуге ұсыныс тастады.
Көңілі дархан, жаны жайсаң, құшағын келген қонағына айқара ашатын, қашан да жүздерінен адамгершілік пен ізгіліктің шуағы төгіліп тұратын Баянауыл халқына, музей ұжымына ыстық лебіздерін білдіріп, толағай табыс тіледі.