Ұлы қаламгер
Жазушы, драматург, педагог, аудармашы, бірқатар беделді шығармалардың авторы Зейтін Ақышевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Ұлы қаламгер» танымдық көрмесі.
Зейтiн Ақышевтiң есiмi барша қазаққа етене таныс. Азаматтығы мен кiсiлiгi мол тау тұлға, қабырғалы қаламгер Зейтін Ақышев 1911 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған.
- 1931 жылы Баянауыл аудандық оқу бөлімінің іс жүргізушісі, кейін оның инспекторы, Баянауылда жеті жылдық мектептің мұғалімі, директоры болды.
- 1936 жылы Омбы жұмысшы факультетiн бiтiрiп, кейiн 1938 жылы Семей пединститутының физика-математика факультетiн тәмәмдаған.
- 1938-1952 жылдары Баянауыл мектебiнде математика пәнiнен дәрiс берiп, кейiн мектеп директоры болды. Аудандық оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi және Павлодар педучилищесiнде сабақ берiп, аудандық оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi болып қызмет атқарды.
- 1941-4942 Ұлы Отан соғысы жылдары Павлодар облысы оқу бөлiмiнiң меңгерушi қызметiнде жүрiп, Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ашылуына үлкен көмек көрсетiп, мүмкiндiктер жасаған.
1952-1966 жылдары «Мектеп» баспасында редактор, редакция меңгерушiсi, бас редактор;
1955-1960 жж. «Қазақстан мұғалiмi» газетiнде редактор;
1966-1969 жж. ҚазКСР Министрлер Кеңесiнiң «Қазақ КСР үкiметiнiң қаулылар жинағы» редакциясында аудармашы-редактор болды;
1969-1976 жж. Қазақ Совет энциклопедиясының Бас редакциясында аға ғылыми редактор болып қызмет жасады.
Алғашқы өлеңдері, очерктері, әңгiмелерi 1930 жылы жариялана бастады. Тұңғыш очерктер жинағы «Бiздiң шамшырақтар» 1962 жылы жарық көрдi. «Достарым менiң» атты әңгiмелер жинағы (1967), Ертiс өңірі еңбекшiлерiнiң Совет үкiметiн орнату жолындағы күресiн суреттейтiн «Ақбел асуы» (1976), белгiлi ақын, әншi, композиторлар Жаяу Мұса мен Иманжүсiптiң өмiрiн суреттеген «Жаяу Мұса» (1978), «Шынардың шыбығы» (1987) романдарының, сондай-ақ, «Жаяу-Мұса», «Келiндер», «Құтылмайды ол» пьесаларының авторы. Жекелеген туындылары орыс тiлiне аударылған. В.Ф.Панованың «Кружилиха» (1950), А.И.Куприннiң «Жекпе-жек» (1954), Я.Коластың «Талаш атай» (1956) т.б. романдарын қазақ тiлiне аударған.