Бала – әр отбасының бақыты
Адамзат баласының ғұмыры ұрпағымен мәнді. Алланың бізге берген асылдарының бірі – бала болса керек. Бала – отбасының тірегі, ырзығы, мақтанышы мен қуанышы. Ал ең бастысы болашаққа деген сенімді кепілі. Содан болар, дана халқымыздан: «Адамның бақыты-балада», «Адам ұрпағымен мың жасайды», «Өмірдің бір қызығы – бала деген», «Балалы үй – базар» деген ұлы сөздер қалған.
Бүгінгі бала - елдің ертеңгі болашағы. Әке шешесінің тірегі. Дегенмен де саналы ұрпақ қана бақытты, ғұмырлы өмірдің кепілі болмақ. Ата бабамыз ертеден ақ бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Көреген қазақ сәбиін бесік жырымен жұбатып, әнмен әлдилеп, халық ауыз әдебиетінің бай мұрасымен сусындатып, мәпелеп өсірген. Баласының атын азанмен қойып, тұсауын кесіп, сүндеттеп, әлдилеп, мерекелеп, қазақи ырымдарды ұстанған. Әр әке баласының көргенді, көпшіл болып өскенін қалаған.
Баланың қорғаны да, үлгі тұтар тұлғасы да әке-шешесі. Демек отбасы – бала тәрбиесінің алғашқы қазығы, әлеуметтендіру ортасы. Ұл-қыздарымыздың өсіп жетіліп, қалыптасуына өскен ортасының тигізетін әсері де мол. Қыз бала жанұяның ұйытқысы болса, ұл тірегі болған. М.Мақатаевтың сөзімен айтар болсақ: «Қызым болсаң-қырымда құралайсың, Ұлым болсаң-ұлы бір мұрадайсың». Әр ата - ана өз баласына өмірдегі алғашқы ұстаз екенін ұмытпауы тиіс.
Бүгін халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күні барлық ата-ана кішкентай балақайларға ерекше көңіл бөледі. Балалар күнін өткізу жөніндегі шешім 1949 жылдың қараша айында Парижде Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданады. Ал Халықаралық балаларды қорғау күні алғаш рет 1950 жылы атап өткізілді. Аталмыш мереке қарсаңында Мәшһүр Жүсіп музейінің қызметкерлері өздерінің бүлдіршіндерін музейге әкеліп рухани азық боларлықтай күн сыйлады. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз. Сондықтанда бала тәриесінің игілікті болуы, балабақшамен ата-ананың қарам қатынасына байланысты.
Ендеше барлық балаларды төл мерекелерімен құттықтаймыз. Болашақ ұрпақ әрқашан бейбітшілікте өмір сүруіне және елін, жерін қорғайтын азаматтар болып өсуіне тілектеспіз!
Әсет Пазылов
Мәшһүр Жүсіп музейі
Баянауыл ауданы.