Заманның заңғар тұлғасы!
Есімі мен еңбегін әлем танып, жаһан мойындаған тұлғалар Тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы ғана емес, мызғымас мықты тірегі. Көзге шалынып, көңіл төрінен орын алар тұлғалардың бірегейі адамзат тарихында ақиқатты алмас қылыштай тіліп айтқан.
Бүгін ақын, күрескер, мемлекет және қоғам қайраткері, халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Олжас Омарұлы Сүлейменов 85 жасқа толып отыр.
1986 жылғы Желтоқсан Пленумы Желтоқсан көтерілісіне ұласып, жастар наразылық танытып көтеріліп жатқанда «Біз – жазушылар жастарды бастай алмадық. Енді тым болмаса солардың соңынан еріп, бас-көз болайық», дегенде «ол қауіпті ғой», деп қалған қаламдастарының біріне «Кімнің кім екенін осы сәт көрсетеді. Мен алаңға барамын», деп жұмыс бөлмесінен алаңға шыға жөнелген еді.
Олжас Сүлейменов сол кездегі Киров, қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте өткізген кездесу барысында студенттердің бірі:
- Брежнев атындағы алаңдағы қантөгіске кім кіналі? –деп сұрады.
- Партия шенеуніктері, - деп жауап береді. Сол бір үрейлі күндері бұлай айту үлкен ерлік еді.
Олжас Сүлейменовке жазушы достары жуырда Қонаевтың Алматыдағы ескерткішін алып тастайды деген жайсыз хабарды айтады. Бұлхабарды ести сала Мәскеуге барып КПСС Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы А.Яковлевпен тіресіп ескеркішті құлатпау жөнінде уәдесін алады. «Егер Сіз сөзіңізде тұрмасаңыз, мен халықты Алматыдағы Брежнев алаңына да, Мәскеудегі Қызыл алаңғада бастап шығамын» деп Қонаевтың Алматыдағы ескерткішін аман алып қалған.
Өз ұлтының шынайы тарихынан сыр тартқан «Аз и Я» кітабын оқырманға ұсынып, Кеңес Одағы ғалымдарының тарихи жадын дүр сілкіндірді!
Сұр кардинал Суслов, ақын Сүлейменовтың «Аз и Я» -сы Ресейдің тарихи-саяси беделін кілт төмендетеді деген күдікпен аты шулы кітапты жоюға жарлық берді.
О.Сүлейменов өзіне қарша бораған сын жебелерін қыпшақ батырындай қасқиып тұрып қарсы алды. Оның болмыс - бітіміндегі батырлық пен қайтпас қайсарлық өз бабалары Олжабай мен Орман батырлардын, күрескер ақын Жаяу Мұсадан ататегі арқылы жетсе керек.