Жыр кеші
Мәшһүр Жүсіп музейінде «Мәшһүр Жүсіптің сарқылмас мұрасы» тақырыбында жыр-терме байқауы ұйымдастырылды.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебінде құрылған «Шабыт» домбыра үйірмесі шәкірттерінен құрылған жас домбырашылар өнерлерін ортаға салды. Байқау барысында Мәшһүр Жүсіп жазбаларындағы күйлер орындалып, жыр-термелер шертілді.
Шара барысында байқауға қатысқан төрт домбырашы бірігіп, бірнеше күй орындады. Жамағаттың жүрегін жаулап алатын күй мен жыр байқауы дәстүрлі шараға айналмақ. Осы шара барысында 10 күй мен 8 терме шертіліп музей ән мен күй сазына бөледі.
Бұл ауқымды шараның басты мақсаты: дарынды жастарды анықтап, оларға барынша қолдау жасау, сол сияқты қазақтың қара домбырасына деген қызығушылықұтарын арттырып, жастардың бойындағы ұлттық рухты ояту, отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу, қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген ықыластарын арттыру болатын.
«Шабыт» домбыра үйірмесінің жетекшісі Ахметов Бақытжанның айтуынша үйірменің құрылғанына жарты жыл болса да оқушылар бірнеше күй тартуға дағдыланған. Үйірменің бағыт-бағдары мен мақсаты зор. Үйірмеге бірінші келген балалардың арасында домбыраның пернелерін басып, тартпақ түгілі қос ішекті ұлттық аспабымызды қалай ұстауында білмейтіндері де болған.
Бірақ қазір нәтижелері жаман емес. Домбырашылардың ынтасы, сабаққа деген құштарлығы өте жақсы. «Мәшһүр Жүсіптің сарқылмас мұрасы» тақырыбында жыр-терме байқауына қатысқан Қасым Ерұлан, Исабек Нұралы, Мұратова Сабина, Махмутов Расул өнерге жаны құмар жас таланттар екенін көрсетті.
Исабек Нұралы: «домбыра тарту менің арманым болатын. Енді домбырамен ән айтсам ба деп жүрмін», деп қасиетті домбыраның қоңыр үнімен жаңғыртып жіберді.