«Атың барда желіп жүріп жер таны»
Қазақ халқы үшін төрт түліктің осалы жоқ. Дегенмен, қай заманда болсын жылқы малының адам үшін атқаратын қызметі өте жоғары. Мереке-қуанышта, қайғы-қасіретте, басқа түскен не ауыр күндерде де бұл түлік адамның жан серігі, айырылмас досы болған.
«Атың барда желіп жүріп жер таны» деген халқымыздың даналығы да тегін айтылмаса керек. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Ұлттық ат туризм» федерациясы ұйымдастырған Нұр-Сұлтан–Жидебай бағыты бойынша «Абайжолы» ат экспедициясы жолға шығып, киелі Баян өлкесінің тарихи-мәдени жерлерін тамашалауда Торайғыр ауылына ат басын бұрып, әсем жеріміздің тарихымен танысып, көрікті жерлерін аралап, жергілікті Сұлтанмахмұт Торайғыров музейін тамашалады.
Музей экскурсиясын тыңдап болған соң, саяхатшылардың бірі – Катонқарағай ауданының тұрғыны Дидар Оралбекұлы 1916 жылдары Сұлтанмахмұт Торайғыров Катонқарағайда бала оқытушы болып барған кездегі Әбдікерім болыстың ғимаратының суреті және сол заманға қатысты қолда бар деректерді музей қорына ұсынатынын жеткізді.
Еліміздің тарихи орындарын насихаттап, қасиетті жерлердің тарихын нығайтуды және жас ұрпақты патриотизмге тәрбилеуді мақсат еткен бұл шараға сәттілік, ат қанаты талмасын деп тілек білдіреміз.
С.Торайғыров мемориалдық
музейінің экскурсоводы М.М.Нурбаева
Торайғыр ауылы