Әлем таныған ұлы Олжас!

Олжас Омарұлы Сүлейменов 1936 жылы ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы. ҚазМУ-ды, Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. 1962-1984 жылдары «Казахстанская правда» газетінде, «Простор» журналында бөлім меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясында сценарийлік-редакциялық алқаның бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, ҚР Кинематография жөніндегі Мемлекеттік комитет төрағасы қызметтерін атқарған. 1972 жылдан Азия мен Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі комитеттің, 1989-1995 жылдары Халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының төрағасы болды. 1995 жылдан Қазақстанның Венгриядағы, кейін Италиядағы Төтенше және өкілетті елшісі.

Тұңғыш өлеңдер жинағы –«Арғымақтар» 1961жылы жарық көрді.Оның алғашқы поэтикалық туындылары қоғамда үлкен резонанс тудындатты. «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасы (1961; Қазақстан Ленин Комсомолы сыйлығы, 1964) ғарышкер Ю.Гагариннің ғарышқа ұшу сәтіне арналған. 60-жылдары орта тұсынан бастап Сүлейменов шығармаларында жаңа түр ізденістері, эпикалық суреттеулер, шығармаларының сан түрлі жанрды қамтуы, сөз бен оның дыбысталуына ерекше мән беру, сөз өнері мәселелерінің түптамырын көне дәуірдегі тарихи кезеңдерден іздеу мәселелері орын алды. Осы тұста ақынның «Қыш кітап» (1969), «Кактус», «Өлмейтін құмырсқа» поэмалары дүниеге келді.

70- жылдардың ортасынан ақын шығармаларындағы басты тұжырым, негізгі бағыттар дами түсті, оның поэзиясы бейнелілігімен , философиялық тереңдігімен, астарлы ирониясымен ерекшеленді.Бұл кезеңнің басты шығармасы- «Көгершінкітап» еңбегінде алдыңғы туындыларында бой көрсеткен ұлттық сана жайындағы талдаулар жарасымды жалғасын тауып, әлемдік мәдениетпен үйлесімде синтезделді.Архив дереккөздеріне сүйене отырып, бірнеше тіл сөздерінің этимологиялық құрылымына жасалған талдаулары «АЗ и Я»(1975), «Язык письма»(2000) атты филологиялық зерттеу еңбектерде көрініс тапқан.

«Менің бойыма біткен қасиеттердің бәрі аталарымнан ауысқан дей аламын. Біздің әулетімізде ақындар, әнші-күйшілер, батырлар көп болған. Солардың бірі- Жаяу Мұса. Менің жетінші атам-атақты Олжабай батыр. Атымды да әкем сол бабамыздың құрметіне қойған»-деп әңгімелейді Олжас Сүлейменов.