«Майдангер ақын» атты танымдық сағаты өтті
С.Торайғыров мемориалдық музейінде Жеңіс күніне орай соғыс жылдарындағы ақын-жазушылар жайлы, оның ішінде Торайғырлық жазушы, ақын Дихан Әбілев жайлы «Майдангер ақын» атты танымдық сағаты өтті. Бұл шараға мектеп оқушылары қатысты.
Ұлы отан соғысына аттанған ата-бабаларымыз елін жерін қорғауда жанын берген. Туған топырақтарына қайта оралмағандардың саны да қаншама.
Сұм майданды көзімен көріп, көкірегіне түйгендері кеудесіне сыймай, қару ұстап қатып қалған қолдарына қалам алып, болашақ ұрпаққа ізгілік дәнегін себуге құлшына кіріскен ақын-жазушылар аз емес. Сол ақын жазушылардың ішінде Баянауылдық ақын жазушылардың еңбектері де айтарлық.
Майдан даласында күркіреген жырларымен жалт қаратқан қаһарман-ақын Қалижан Бекхожин, жауынгер-жазушы Қалмұқан Исабаев есімдері - мәңгі халық жадында десек, Ел басына күн туған сәтте қан майданда жауға қарсы қаруын да, қаламын да қатар сілтеген жазушылар шоғырын бастаған Дихан Әбілев Қазақстанда құрылған алғаш І Прибалтика майданының құрамына енген 100-ші және 101-ші бригаданың «Жауға қарсы аттан» газетінде әскери тілшісі болған. Жазушының алғашқы өлеңі «Қызыл әскерге» 1925 жылы Семейдегі «Қазақтілі» газетінде жарияланды. Соғыс алдында Дихан Әбілевтің 1937 жылы «Қуат» атты өлеңі шықса, 1938 жылы «Шалқыма» поэмасы жарияланады. 1939 жылы Дихан Әбілев Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының аспирантурасында оқып жүріп, сол жерден майданға аттанады.
Ақын – жауынгер Дихан Әбілев Ұлы Отан соғысының жылдарынан өтіп, соғыс кезінде шығарған өлеңдері біздің халықтың қиын-қыстау жылдарындағы патриоттық шығармалардың түпнұсқалық үлгісі болады. «Москва түбінде», «Майданбек», «Азия шындары», «Қазақ қызы», «Сүйіктім туралы жыр» және басқадай оның өлеңдері майдан газеттерінде басылды.
Соғыстан кейінгі жылдарда да үлкен шығармашылық табыс пен жазылған «Шолпан», «Тасқұлақ», «Дариға», «Махаббат тағдыры» поэмаларын атауға болады. Д.Әбілев қазақ әдебиетін дамытуына белсене қатысқаны үшін «Қазақ ССР халық жазушысы» құрметті атағы беріледі, «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз», «Парасат», «Халық достығы», 1-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапаталған. 2001 жылы Павлодар облысы әкімінің грант иегері болды.