«Туған өлке тарихы» атты экспедиция өтті.
Баянауыл ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен жас ұрпақты туған өлкенің киелі орындарымен таныстыру мақсатында «Туған өлке тарихы» атты экспедиция өтті.
Экспедицияға Ш.Айманов атындағы мектеп-интернаты мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Қатысушылар Мұса Шорман ауылындағы Мұса мырза кесенесіне барып зиярат етіп, мәдениет үйіндегі тарихи өлкетану музейін және мектепте орналасқан академик Қ.Сәтбаев музейін тамашалады. Қатысушылар Айрық жерінде орналасқан Имантай ауылы деген жердегі Ұлы ғалым Қаныш Имантайұлының кіндік қаны тамған жерге ат басын тіреп, сол жердегі ескі мектеп орнымен танысты. Өлкетанушы ағамыз Қайриден Нұхұлы өлке тарихымен, Қаныш Имантайұлының өмір жолы туралы, Сәдуақас Шормановтың бастамасымен ашылған орыс-қазақ мектебі жайлы көп ақпарат берді.
Жоспар бойынша Көкдомбақ ауылында орналасқан от ауызды, орақ тілді Үкібай би Найзабекұлының кесенесіне, Беріктас жерінде орын тепкен ғалым Нұғыман Баяндиннің бейтінің басында және түс ауа ғұлама, ақын М.Ж.Көпеевтің кесенесінде болды. Экспедицияда бірге болған өлкетанушы ағамыз Алтынбек Құрманов жастарға әр жердің тарихын, осы киелі жерлерден шыққан дарын иелері туралы қызықты ақпараттармен бөлісті.
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дегендей туған жердің киелі орындарын аралау сапарында өскелең ұрпақ өз өлкеміздегі әулие адамдардың өмір жолымен танысып, келешекте қажеті мол пайдалы мағлұмат алды.