Музей туралы

Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі – ел тәуелсіздігімен үндесіп, құнды жәдігерлермен толыққан рухани орын.

Өзіндік даму тарихын қалыптастырған музей академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғұмырнамасы мен ғылыми еңбектерінен сыр шертіп, ғылыми – зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Академик, геолог Қаныш Сәтбаевтың жеке заттары орналастырылған зал көрермендерін тамсандырып қана қоймай, музейді жаңғырту мақсатында қоғамдық мәні зор мәдени жобаларды  жүзеге асыруда.

Ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының негізін қалаушы әрі оның тұңғыш Президенті, Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының лауреаты, КСРО және ҚазССР Ғылым Академиясының академигі, жерлесіміз Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық музейі ашылуына 1964 жылдың жазында Баянауылда еңбек семестрін өткізген сол кездегі Алматы политехникалық институтының студенттерінен құралған Ғаділбек Шалахметов, Ғалым Әбілсейітов, Сырым Бөкейханов, Юрий Кердод, Хозе Казыханов, Павел Атрушкевич құрылыс отряды мүшелерінің ынта білдірулері себеп болады.

Осы жылдары Қ.Сәтбаев жайлы жиналған экспонаттар, мағлұматтар Баянауылдағы мәдениет үйінің (қазіргі Мұса мырза мешіті – ол кезде аудандық мәдениет үйі болатын) бір бөлмесіне қойылып, кейін музейге ғимарат ретінде балабақша үйі берілген болатын.

Музей орналасқан үй ағаш, музейге бейімделген, төрт бөлмелі ғимарат болды. Музейде үш экспозиция залы безендірілді, алаңның жетіспеуіне байланысты экспонаттардың бір бөлігі дәлізде орналастырылды.

1968 жылы музей қорында Қ.И. Сәтбаевтың жеке заттары (темекі салғыш, автоқалам, әмиян, ұстара аспабы, пальто, қалпақ), ғалымның еңбектері, оның ғылыми, қоғамдық өмірі туралы баяндайтын құжаттар және т. б. болды.

1967 жылдың соңында музей қорына 715 экспонат жиналды, оның ішінде экспозициялық ветриналарда 465 экспонаттар көрсетілді. Музей қызметкерлері 1967 жылы 4 адамды құраса, оның ішінде 1 штат ғылыми қызметкер болды. Бірте-бірте музей жәдігерлерінің молая түскендігі, жастардың рухани тәрбиелеуде тигізер маңызының артуы ескеріліп, Сол кездегі Павлодар облыстық Советінің шешіміне сәйкес Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың музейі ресми түрде ашылып, қызмет көрсете бастады.

Музейдің алғашқы директоры болып ұстаз Қадырбек Қажыбеков тағайындалды. Екі жылдан соң Қ.Қажыбековтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты, орнына Ғазиз Құтбеков келіп, бірер жылдан соң Төлеутай Әбжанұлы Әбілдин тағайындалып, 20 жылдан астам уақыт жемісті қызмет атқарды. Кейіннен 1991 жылдан бастап Серік Мазанұлы Мусин басшылық жасады.

1970-шы жылдары Баянауыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет еткен Даржұманов Қанат Болатұлының тікелей көмегімен қазіргі музейдің ғимараты салынды.

1972 жылға қарай музейдің жалпы ауданы 78 шаршы метрге дейін ұлғайды, музей қорында 1189 экспонат болды. Музейді қайта құру және жаңа ғимарат салу жұмыстары жүргізілді. 1973 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол дербес мекеме ретінде жұмыс істеді. 1973 жылы музейға 6070 адам келді.

1989 жылы академик Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай бір қабатты музейге Орта Азия стиліндегі жаңа әдемі екі қабатты ғимарат қосылып, администрациялық ғимарат, қор бөлмесі мен 60 орыннан тұратын кинозал салынды. Осы жылы музейдің алдына академик Қ.И.Сәтбаевтың ескерткіші орнатылды. Шағын кітапхана мен қор сақтайтын арнайы бөлмелер берілді.  

Екі диарама дайындалды: соғыс жылдары Жезқазған облысында академик Қ.И.Сәтбаевтың басшылығымен ашылған марганец өндіру кеніші және болашақ академик сауатын ашқан Ақкелін болысындағы бастауыш мектеп макеті.

Қазіргі кезде музей типтік ғимаратта орналасқан. Ол 509,9 шаршы метрді құрады.

Ұлы ғалым, академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейіне 2013 жылы демеушілік арқылы қайта күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Бүгінде музейде екі экспозициялық және 70 орындық конференц зал бар. Ғимараттың екінші қабатында «Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың артынан қалған өшпес ізі» атты қосымша бөлме ашылды.

Жалпы музей қорында 4946 жәдігер жинақталған, оның ішінде негізгі қор – 2279 құрайды.

Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің құрамына М.Ж.Көпеев ауылына қарасты Ескелді шатқалында орналасқан әулие – ақын, философ Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мемориалдық музейі және Торайғыр ауылында орналасқан ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мемориалдық музейі енеді.

Баянауыл ауылының орталығында орналасқан Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі Арқаның асыл моншағы атанған құтты мекен Баянауланың көрнекті мәдени орталықтарының бірі болып табылады.